Жошы. Шыңғыс хан мен қоңырат тайпасынан шыққан Бөртенің үлкен ұлы. Жошы 1182 жылы кейбір деректерде 1184 жылы дүниеге келген. 1206 жылы Жошы әкесі Шыңғысханның шешімімен өз үлесін – ұлысын иеленеді. 1207 жылы әкесінің бұйыруымен Сібірдің ормандағы халықтарын бағындыруға аттанады. Оған бағынған халықтардың ішінде Енисей қырғыздары мен ойраттар болды.
1213 жылы Жошы әкесімен бірге Солтүстік Қытайдағы Цзинь династиясына қарсы жорыққа қатысады. Осылайша Жошы екі бауырымен бірге әскердің үшке бөлінген бір тобына жетекшілік етеді.
Жошының әскері жауынгерлік қимылдарын Тайхан жотасының оңтүстігі мен Хуанхэ өзенінің солтүстік жағалауынан бастады. Луань, Хуацин, Пинъян, Фэньчжоу мен Тайюань секілді провинциялар мен қалалар күйреді. Бұл жорықта Жошы өзін дарынды қолбасшы ретінде көрсете білді.
1217 жылы енисейлік қырғыздар көтеріліс бастады. Жошы әскері ол бүлікті басуға аттанып, оларды 1218 жылы басып жаныштады.
1219-1221 жылдары Жошы Орталық Азияны бағындыру шайқасына қатысты. 1221 жылы Мұхаммед Хорезмшахпен соғыс аяқталғаннан кейін Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы қыпшақтарға қарсы соғыс ашты. 1223 жылы Жошы шығыс қыпшақтарын біржолата бағындырды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Жошы Калкадағы (қазіргі Кальчик өзені) шайқасқа да қатысқан. Ол соғыста Жебе мен Сүбедей бастаған әскер бірлескен орыс-қыпшақ әскерін талқандаған еді. Қазақстанның көп бөлігі 1220 жылы Жошы ұлысының құрамына кірді. Жошының ордасы Жетісуға қонды. Қазақстан аумағын жаулағаннан кейін Жошы шабуыл жасамай, бейбіт өмір сүре бастады. Мұсылман әрі үнді тарихшысы Жүзжанидің жазуынша, Жошы «Қыпшақ даласының ауасы мен суын көрген кезде әлемде теңдесі жоқ жерді, теңдесі жоқ ауаны, әлемде теңдессіз тәтті суды, нәрлі шөп пен кең даланы тапқан. Шыңғыс ханның бұйрығымен Дешті-Қыпшақ даласы ресми түрде Жошы мен олардың ұрпағына тиесілі деп танылды. Одан бөлек Шыңғыс хан Жошы мен оның ұлдарына орыс княздіктерін, қалған қыпшақтарды, Бұлғарды, Кавказ бен «теңізге дейінгі жерді» жаулауды өсиет етті.
Жүзжанин тарихшының жазбасына қарағанда, Жошы тірісінде әскердің әрекетін бақылап отырып «адамдар мен жерге қатысты әкесі Шыңғыс ханның «есалаңдығы» туралы айтқан.
Әлбетте бұл сөзді Шыңғыс ханның өзіне жеткізген «мейірімді адамдар» да болған. 1225 жылдың соңында Шыңғыс хан ауырып қалып, балаларын өзіне Қара қорымға шақырады. Жошы да сол кезде қатты ауырып жатқанын хабарлап, бармай қалған. Алайда куәгерлердің бірі Жошының шын мәнінде ауырып жатпағанын, денсаулығы жақсы әрі қазіргі Орталық Қазақстан аумағында аңға шығып жүргенін жеткізеді. Жошының әкесін алдап, кеңеске келмей қойғаны Шыңғыс ханды тіпті ызаландырады. 1227 жылдың басында Жошы қайтыс болады. Ол Орталық Қазақстанда - Қарағанды облысы, Жезқазған қаласынан шығыс-солтүстікке қарай 50 шақырымда, Ұлытау тауларының баурайында – Жошы кесенесіне жерленген.
Қазақтарда Жошы туралы «Ақсақ құлан» атты аңыздардың бірін сақталып қалған. Аңыздың алғашқы нұсқаларының бірі қазақ даласында 15-ғасырда пайда болған. 20 ғасырда жазылып алынған қазіргі аңызға сәйкес, Жошы бір күні аң аулауға шығыды. Аңшылықтың қызығына түскен Жошы қасындағы серіктерінен алыстап кетеді-міс. Жошы жайылып жүрген көп құланды көріп, шетінен қыра бастайды. Алайда олардың ішіндегі ақсақ құлан аттың үстіндегі Жошыға тап берген. Мұндайды күтпеген Жошы аттан құлап, мойны үзіліп кеткен. Жошының өлімі осыдан болған. Шыңғыс ханның жанындағы серіктерінің көбі қаһарлы әкеге бұл қаралы хабарды айтуға дәті бармаса керек. Сұңғыла Шыңғыс хан қиын жағдайдың болғанын сезе қойып, кімде-кім қаралы хабарды жеткізсе – соның аузына қорғасын құям деп қаһарланады. Жанындағы серіктерінің ішінен тек қайсар біреу ғана табылады – ол Ұлы жыршы атанған Кетбұқа еді. 1227 жылға қарай найман руынан шыққан Кетбұқа егде кісі болатын. Қазақ шежіресіне құлақ ассақ, Кетбұқа қазіргі наймандардың бір бөлігінің атасы болып саналады.
Өлімнен аттап өтуге бекінген Кетбұқа қулыққа барып, Жошының өлімін өзгеше әдіспен естіртуді жөн деп шешіпті. Ол домбыра әкеліп, Шыңғыс ханның ордасына кіреді. Ханға ештеңе айтпастан Кетбұқа күңіренген күйді шерте бастайды. Тың шығармасында күйші Жошымен болған оқиғалардың бәрін баяндауға тырысқан. Аңғызға сәйкес, зарлы күйді ұзақ үндемей отырып тыңдаған Шыңғыс хан: «Сен маған ұлымның өлімі туралы қаралы хабарды жеткіздің. Мен сенің домбыраңның күйін тыңдап отырып, бәрін де ұқтым. Қаралы хабарды жеткізгенің үшін өлімге лайықтысың. Алайда сен бір ауыз сөз айтпай жеткізгендіктен сенің домбыраң жазалансын! Домбыраға қорғасын құйыңдар!» депті-мыс. Домбыраның көмейі осыдан кейін тесілген. Ақсақ құлан күйі біздің заманға дейін жетті, оның жазбасын көп адам тыңдай алады. 1968 жылы «Қазақфильм» киностудиясы осы аңыздың мотиві бойынша мультфильм түсірген.