Меңгу-Темір Батудың ұлы Тұқаннан туған. Меңгу-Темірдің балалық шағы туралы дерек сақталмаған. Берке билікке келген уақытта ол Меңгу-Темірді өзінің мұрагері етіп тағайындайды. Берке көз жұмғаннан кейін Меңгу-Темір хан Жошы ұлысының билігіне келеді.
Меңгу-Темір таққа отырғаннан кейін хан мәртебесін қабылдайды (оған дейін Жошы ұлысының билеушілері бұл мәртебені иеленбеген). Ол өзі жарлық шығарып, өз атынан монеталарды соға бастайды. Бұл – тәуелсіз мемлекетке тән нышан еді. Оған дейін Алтын Ордада ханның атынан монеталар соғылмайтын. Ол ел басқаруға келген уақыттан бастап жошылық монеталарда дербестікті айқындай түсетін Алтын Орда билеушілерінің жаңа титулы – «ұлық хан» және Батудың (таңбаның атауы босаға) (руының) таңбасы белгіленеді.
Меңгу-Темір билік басына келгеннен кейін-ақ екі губернаторды сайлайды. Өзінің немерелер ағайыны Ұран-Темірге (Тұқа-Темірдің ұлы) Қырымды басқаруға береді. Ал тағы бір немерелес ағайыны Бахадүрді (Шибанның ұлы) Арал жақтағы Шибан ұлысының билеушісі етіп тағайындайды. Меңгу-Темірдің өзі билікке келісімен-ақ бірден көтеріліс бастаушылармен күрес жүргізген. Меңгу-Темірдің тұсында Жошы ұлысы аймағының бәріне қайтадан билік орнады. Осының арқасында Алтын Орданың экономикасы жаңа серпін алды. Халықаралық сауда-саттық қатты өсіп, жаңа қалалар пайда болып, ескі қалалар қайта жөндеуден өтеді, Қырымға генуялық сауда факториялары жетті.
1267 жылы Меңгу-Темір Алтын Орда хандарының ішінде бірінші болып орыс дінбасыларына арналған жарлық шығарып, орыс митрополитін бірқатар салық пен міндеттен босатты. Сонымен бірге Меңгу-Темір 1266 жылы Каффа факториясының негізін қалаған генуялық көпестерге арналған жарлық шығарды. 1267 жылы Меңгу-Темір Мысырға – мәмлүктер патшасы Бейбарысқа елшілік жіберді. 1268 жылы Жошы ұлысы мен Мысыр арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас күшейе түсті.
1267 жылдан бастап Меңгу-Темір көршілес елдермен, атап айтқанда Шағатай ұрпақтарымен аумақтық тартысты реттеуге күш салды. Осы оймен Меңгу-Темір Шағатай ұлысының билеушісі Барақ ханға қысымды күшейтті. Оған дейін ол өзінің немерелес ағасы Құтұқұға (Орда еженнің ұлы) және одақтасы Қайдуға Жошының үлкен ұлы Беркешар бастаған 50 мың әскерді көмекке жіберген болатын. Нәтижесінде Беркешар Шағатай ұлысының билеушісімен Талас өзеніндегі аңғарда бейбіт келісімге келді. 1269 жылы Талас құрылтайының шешімімен илхандар жеріне екі жақтан шабуылдау туралы келісімге жасалды. Бір жақтан Меңгу-Темірдің әскері басып кірсе, екінші жағынан шағатайлықтардың Барақ бастаған әскері басып кіруге бекінді. Барақ сол тұста жеңілгенімен Меңгу-Темір жеңіске жетті.
1269 жылғы Талас құрылтайындағы келісімде үш ұлыстың билеушілері (Жошы, Шағатай мен Қайду ұлыстары) көшпенді бағыныштылар бұрынғыша қалалар мен халық орналасқан елдімекендерді талқандамау туралы келісімге келеді.
1269 жылғы Талас келісімінен кейін Жошы ұлысы бұрынғы «бауырлас» ұлыстардың тарапынан дербес мемлекет ретінде танылған. 1269 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Жошы ұлысында экономикалық өсім басталды.
Меңгу-Темір 1270 жылдары Мысырдағы мәмлүк сұлтандарының илхандар иелігіне қатысты талаптарының заңдылығын да мойындады.
Меңгу-Темір сыртқы жорықтардан кейін ішкі мемлекеттілікті күшейте түсті.
1271, 1277, 1278 жылдары Алтын Орда әскерлері Болгарияға жорықтарды жасады.
1275 жылы Меңгу-Темір Жошы ұлысының, сондай-ақ орыс княздіктеріндегі халықтың санағын (вассалды және өз иелігіндегі аумақтардың салық көлемін анықтау мақсатында) өткізді.
1277 жылы Меңгу-Темір орыс әскерін шақыра отырып, Кавказ тауларындағы аландар мен шеркестерді бағындырмақ болды. Меңгу-Темірдің тарих сахнасына шыққан дәуірін Жошы ұлысының (Алтын Орда) тәуелсіз мемлекет ретінде танылуымен бағалауға болады. Көптеген авторлардың қалдырған мәліметтерінен Меңгу-Темір хижра жылы бойынша (11.04.1282-31.03.1283) 681 жылы қайтыс болғанын көруге болады. Бұл нумизматикалық материалдармен растала түседі. Оған сәйкес оның атымен тиындардың соңғысы хижра жылымен 681 жылы шығарылған. Меңгу-Темір тамағы іріңдеп жан тапсырған.