Тоқты ханнан кейін таққа оның бауырының ұлы Өзбек отырды. Өзбектің әкесі Тұғырылды Тоқтының өзі 1291 жылы өлтірген еді. Өзбектің өзін өгей анасы Баялун (Тұғырылдың әйелі) оны Жұлат Шеркес ұлысына (Батыс Кавказ) жіберіп, аман алып қалған. Ер жеткеннен кейін Өзбек Тоқтының өлімінен соң құрылтайға барып, сол жерде хан болып сайланады.
Тоқтының ресми мұрагері Ілбасар хижра жылымен есептегенде 709 жылы (1309 жылдың маусым айы мен 1310 жылдың мамыр айы) қайтыс болды. Тоқтының жаңа мұрагері Ілбасардың ұлы Исан-Бұқа еді. Құрылтайда Тоқтының екінші ұлы Тұқ-Бұқа ұйғырлардан шыққан Байжыр әмірмен бірігіп, Исан-Бұқаның құқығы үшін талас жүргізіп, хан болып сайлануда басты үміткер болып шықты. Бұл уақытта Өзбек құрылтайға қатысуға бара жатқан еді. Құрылтайда отырған оның жиені Құтлұқ-Темір Өзбек ханға шыны ма, өтірігіме ме, әйтеуір оны өлтіруге шыққанын айтып хабар береді. Құрылтайға келген Өзбек пен қият Исатай Тұқ-Бұқа мен Байжырдың көзін құртады. Бұл қантөгістен кейін Тоқтының әйелі ақша беріп құрылтайда Өзбекті хан етіп сайлауға қол жеткізеді. Таққа отырғаннан кейін ғана Өзбек хан Ислам дінін қабылдап, мұсылман емес қауыммен біршама соғыс жүргізумен қатар Жошының 16 ұлының ұрпақтарын биліктен айыруға қатысты әкімшілік реформа жүргізе бастайды.
Өзбек хан Алтын Ордадағы саяси институттарды реформалау жолымен саяси жүйені толығымен өзгертіп жіберген тұлға. Жаңа сауда жолдарын құру арқылы Алтын Орданы экономикалық тұрғыда дамыту жұмысын белсенді жүргізген хан. Осы уақытта Шағатай, Үгедей мен Хулагу ұлыстарында азаматтық соғыс жүріп жатыр еді. Мұның салдарынан сауда жолдарын Алтын Орда аумағының солтүстігіне ауыстыруға тура келді. Себебі оңтүстіктегі көршілерден қарағанда ол жақта едәуір саяси тұрақтылық орнаған еді. Кез келген көпес Жошы ұлысының аумағындағы Дунай жағалауынан Алтайға дейін қауіпсіз қозғала алатын. Алтын Орданы Өзбек хан билеген уақытта жаңа қалалар бой көтеріп, ескі қалалардың аумағы өсе бастады. 1332 жылы Өзбек хан астананы Жаңа Сарайға (Сарай әл-Жәдит) көшірді. Өзбек мемлекетті бір орталыққа бағындырып, жергілікті сепаратизмді ауыздықтады.
Өзбек ханның тұсында орыс княздіктерін басқарудың классикалық схемасы жолға қойылды. Бұл деректі көптеген тарихи мәліметтер растай түседі. Орыс княздерінің бірі басқару туралы жарлық алды делік. Ол өз міндетін орындап, орыс княздіктерінен халық санына қарай есептелетін салықты жинап отырған.
Өзбек жоғары деңгейде Рим Папасымен, Византиямен, Үндістанмен, Батыс Еуропа елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас ұстанған. Сонымен бірге ол Хулагу ұлысына қарсы мәмлүк сұлтанаттарымен одақты қалпына келтіре білген.
1330 жылға қарай Өзбек хан өздерінің сауда операцияларының бір бөлігін Алтын Орда аумағына көшірген генуялықтар үшін арнайы жарлық шығарды. 1323 жылы Өзбек хан болгар патшасына көмек ретінде әскерін жіберді. Шамамен осы уақытта ол Византия императорының қызы Баялун-қатынды (ол да Өзбек ханның өгей анасымен аттас болған) алды. 1330 жылы Өзбек ханның әскері румын билеушісі Бесабармен (ол Жошының ұлы Шибанның ұрпағы әрі Өзбек ханның туысы болған) және византиялық императордың әскерімен одақтасып, Сербия королі ІІІ Стефанның әскеріне қарсы соғыс ашады. Бірақ шайқас жеңіліспен аяқталған. 1324 және 1337 жылы Литва княздігіне шабуылдап тұрған.
1316 жылы Өзбек ханға илхандардың тағына отыру туралы ирандық әмірлерден ұсыныс түскен. Алайда Өзбек хан олардың тақталасына араласпаған жөн деп шешкен. Арада көп өтпей ол Ясавурмен бірлесіп, жаңа илханға соғыс ашуға бекінеді. 1320 жылы Өзбек ханның ол жаққа баса көктеп кіруі еш нәтиже бермеді. Әскері жеңіліп қалды. 1335 жылы Өзбек хан тағы да әзербайжандар мен ирандықтардың жеріне шабуыл жасады. Алайда жаңа билеуші Арпа ханнан тағы да жеңілді.
Өзбек хан өз тұсында басқаруындағы елдің діни сеніміне құрметпен қараған. 1314 жылы ол Францискандықтардың католиктік орденіне арнайы жарлық шығарып, жеңілдіктер беріп, Сарай-Батуда өз миссияларының негізін қалауға рұқсат берді. 1336 жылы францискандықтардың 10-ға жуық өкілдігі ашылды. Ал Өзбек ханның жиені өз отбасымен бірге католиктердің сенімін қабылдады. Өзбек ханның жеке мұсылманша есімі Мұхаммед еді. Өзбек ханның сүйікті әйелі Қыпшақ руынан шыққан Тайдулла еді. Тайдулла ханға Жәнібек пен Тыныбек атты екі ұл тауып берген.
Өзбек хан билік басына келіп, өмірден өткенге дейін және немересі Бердібектің таққа келгенге дейінгі кезеңі – Алтын Орданың Алтын ғасыры саналады. Ол тұста экономика өркендеп, ұлы далада саяси тұрақтылық орнады, классикалық алтынордалық мәдениет дамыды.