KazTourism

Жәнібек хан

1342-1357
Жәнібек – Өзбек ханның ұлы.

Өзбек хан көз жұмғаннан кейін аз уақыт Тыныбек ел басқарды. Алайда көп уақыт өтпей оны бауыры Жәнібек өлтіріп, тақты тартып алды. Жәнібек ханның толық мұсылманша аты Жәләл әд-Дин Әбу Мұзаффар Махмұт еді. Жәнібек хан ел басқарған тұста Өзбек хан іргесін қалап кеткен, интеллектуалды әлеуетті дамытуға бағытталған тенденция сақталды. Алтын Ордаға көптеген білімді адамдар тартыла бастады. Ал ол кезде ақыл мен білім иелерінің бәрі де мұсылман елдерінен қашып, Жошы ұлысынан пана таба бастаған болатын. Жәнібек хан (1342-1357) өзінің әкесі Өзбек ханның саясатын жалғастырып, орталықтандырылған хан билігін күшейтті. Жәнібек қазақ тарихы мен әдебиетінде Әз-Жәнібек есімімен қалған. Алтын Орданы осы хан билеген уақытта экономика мен мәдениет өркендеді. Әз-Жәнібектің есімі көптеген ертегіде, аңыз-әпсаналарда, эпостар мен халық әндерінде қазақ мемлекеттігінің алтын дәуірінің ақылгөй билеушісі ретінде көп кездеседі. Сонымен қатар Жәнібек хан орыс тарихында «мейірімді патша» ретінде сипатталады. Себебі әкесінен қарағанда Жәнібек хан өз тұсында орыс княздіктеріне шабуыл жасамаған болатын.

Жәнібек өзінің жеке ақша реформасын жүргізді. Мыстан жасалған тыйындарды айналымға енгізе отырып, күмістің жетіспеушілігі салдарынан мыстан жасалған монеталарға басымдық берді. Монеталарда бұрынғы белгілерден қарағанда екібасты самұрық пен гүлдердің бейнесі таңбаланды. Жәнібек ханның кезінде Алтын Орданың сыртқы саясаты аса көп өзгере қойған жоқ. Мысыр билеушілерімен дипломатиялық қарым-қатынас бұрынғыдай болмаса да дамып отырды. Бұған Мысырдағы азамат соғысы себеп болған еді.

1343 жылы төбелес кезінде италиялық көпестердің бірі Азовта Алтын орданың саудагерін өлтіреді. Бұған ашуланған Жәнібек қалаға әскер кіргізіп, еуропалық азаматтардың көбі тоналып, көбі қайтыс болады. Осы қақтығыстың салдарынан еуропалық саудагерлер жарты миллион алтын флоринін жоғалтқан. Ақыры Алтын Ордаға Еуропа арқылы келетін шығыс тауарларының, бидайдың бағасы күрт қымбаттап кетеді. Осылайша Жәнібек Танаға италиялық саудагерлерді бес жыл бойы жолатпай қойған. 1343-1344 жылдары венециялықтар сол қақтығысқа себеп болған саудагерді Жәнібек ханға береміз бе, жоқ па деп ойланады. 1344 жылы венециялықтар өз саудагерін беруден бас тартқаннан кейін Жәнібек Каффаға әскерін жорыққа жібереді. Бекем қала алынбай бір жылдан кейін шайқас қайта жалғасады. Қаланы ала алмаған хан ақыры «биологиялық қаруды» пайдаланған жөн деп шешкен екен. Қамалдың қабырғасынан асырып катапультаның көмегімен обаға шалдыққан адамның денесін лақтырады. Соғыс, ыстық пен азық-түліктің жетіспеуі салдарынан Каффа халқы әбден титықтаған еді. Үрейге бой алдырған қала тұрғындарының көбі осы кезде Венеция мен Генуяға қашып, обаны сол жаққа тарата бастаған. Кейбір мәліметтерге қарағанда 1348-1349 жылдары Каффадан тараған обадан Еуропа халқының 60 пайызы қырылып қалған. 1345 жылдан кейін Каффадағы шайқастан соң Жәнібек хан италиялық саудагерлерге Алтын орда аумағында сауда жүргізуге тыйым салды. Дегенмен 1347 жылы оларға Азов аумағында сауда жасауға рұқсат бергенімен, салық көлемін 3-тен 5 пайызға көтерді. Бұл уақытта илхандар державасының аумағында азаматтық соғыс қызып тұрған еді. 1356 жылы Сулдуз тайпасынан шыққан Мәлік Ашрафаның қойған ханы жан тапсырды. Бұл сәтті пайдаланып қалған Жәнібек 1356 жылы Әзербайжан мен Иранға шабуыл жасайды. Ол Мәлік Ашрафаны тұтқынға алып, Тебриз қаласын жаулап алады. Ол жерге қараушы ретінде ұлы Бердібекті, оның көмекшісі ретінде әмір Ахиджукты қалдырады. Өз елінің астанасына қайтып бара жатқан жолда Жәнібек сырқаттанып қалады. Сол тұстың өзінде айбарлы хан өзінің соңғы күндерін өткеріп жатқаны белгілі бола бастағандай еді. Қаңлы тайпасынан шыққан Тоғлыбай Жәнібектің әл үстінде жатқанын айтып, Бердібекке хабар жеткізіп, мынадай кеңес береді: егер Бердібек хан болғысы келсе тура қазір астанаға қайтып келуі керек. Сол кезде Бердібек Сарай әл Жәдитке қайтып келген кезде Жәнібек аурудан жазыла бастайды. Жәнібек Бердібектің жедел әрі бұйрықсыз жетіп келгенінен сескеніп қалған деседі. Бірақ Тайдула оны сабырға келтіреді. Тоғлыбай мен Бердібек Жәнібектің шұғыл әрекеттерге баратынынан қорқып (Бердібек Тебризден өздігімен қайтып келгендіктен жазалануы да мүмкін еді) нақты әрекетке көшеді. Олар Жәнібектің ордасына кіріп келіп, ауруынан айығып қалған ханды тұншықтырып өлтіреді. Билік басына келгеннен кейін Бердібек Тоғлыбайдың айдауымен өзінің қарсыластары мен таққа үміткерлерді мүрдемге жібереді. Бердібектің бүкіл туған аға-бауырлары, туыстары опат болады. Тайдулла Жәнібектің жаңа туған нәрестесін құтқарып қалмақ болғанымен Бердібек оның да түбіне жеткен. Тебризде қараушы болып қалған Ахиджук алғашында тәуелсіздігін жариялағанымен көп өтпей ирандық билеушілердің қолынан қаза тапқан. Бердібектің өзі 1359 жылы өлген. Оның өлімі өкінішке қарай 20 жылдық азаматтық соғыстың есігін ашып берген еді.