«Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығы 10 га аумақтағы ашық аспан астындағы музей паркінен тұрады. Кешен елдің маңызы жоғары мәдени мұрасы саналады. Оның үстіне жылдар бойы дала өркениетінің тарихи қыр-сырына сәуле түсіретін жемісті археологиялық және зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Ниет білдірген кез келген азамат есте жоқ ескі заманан сыр шертетін осынау ерекше орынға келіп, қазба жұмыстары барысында табылған ескі заттарды өз көзімен көріп, қолымен ұстай алады. Экспонаттардың ішінде ғасырлар бойғы монеталар, тұрмыстық заттар мен ыдыстар, петроглифтер, мешіт пен медресе, монша іздері табылған.