Бату қоңырат тайпасынан шыққан Қочу қатыннан туған Жошының екінші ұлы. Тарихи мәліметтерге қарағанда, ол 1205-1206 жылдары, тағы бір деректерде 1209 жылы өмірге келген. Батудың балалық шағы туралы тарихи мәлімет жоқ. 1227 жылы әкесі Жошы өлгеннен кейін Бату өзінің ағасы Орда-еженмен бірге Жошы ұлысын басқарады. Бату Жошы ұлысының батыс бөлігін иеленеді. Сондай-ақ Батуға кейін түрікмен саинхандар деп аталған түрікмендер де бағынышты болған. 1229 жылы Үгедей Жошы ұлысына Көкешай мен Сүбедей бастаған 30 мыңдық әскерді жібереді. Әскердің жіберудегі мақсат – Шыңғыс хан империясының шекарасын кеңейту болатын. Алайда бұл жорық айтарлықтай аумақты алып империяға қосып бере алмады.
Бату өзінің туған-туыстарымен, немерелес ағайындарымен 1236-1242 жылдардағы «Батысқа» бағытталған жорыққа қатысқан. Бұл жорықтың басты мақсаты – «Шыңғыс ханның аманатын орындау», Еуразия даласының батыс бөлігін жаулау және шығысеуропалық елдерді бағындыру еді.
1235 жылы Сүбедей мен Бұрылтайдың 30 мыңдық әскеріне қосымша тағы 30-35 мыңдық әскер аттандырылады. Осылайша Сүбедей, Бату мен Бұрылтай бастаған 60-65 мыңдық әскер қыпшақтар мен Шығыс Еуропаны жаулауға аттанады.
Алдымен Дешті-Қыпшақтың батыс бөлігі, Еділдегі Бұлғар, повольжелік және солтүстіккавказдық халықтар бағындырылды.
Бату орыс княздіктеріне жасалған жорықтарды басқарып отырды. 1237-1238 жылдары Бату Рязань мен Владимир княздіктеріне жасалған жорықты бастады. Орыс княздіктеріне жасалған алғашқы шабуылдардан кейін Бату әскері далаға шегініп, ол жақтағы қыпшақтардың жеке топтары, сонымен бірге солтүстіккаказдағы иеліктерді талқандады. Магас алынған соң (кавказдық астардың (аландардың) астанасы) Бату мен жиендері, бөлелері Күйік (Үгедейдің ұлы) пен Бөрімен (Шағатайдың ұлы) аралары суи бастайды.
Осыдан кейін Бату әскері Киевке бағыт алып, ары қарай Шығыс Еуропаға жол тартты. Моңғолдың жеке қосындары Польшаға, Силезия мен Моравияға басып кірді. Бату әскері одан бөлек Мажарстанды да бағындырмақ болды. Мажарстан королі IV Бела Шайо өзенінің жағасындағы шайқаста (1241 жылдың 11 сәуірінде) Бату әскерінен жеңіліп қалды. Бұл шайқастан кейін моңғол әскері тіпті Мажарстан, Хорватия, Далмация, Босния, Сербия мен Болгарияның күл-талқанын шығарды.
Шыңғыс хан әулетінің Шығыс Еуропаны жаулап алу туралы әскери жорығы 1242 жылдың басына қарай, ұлы хан Үгедейдің өлімінен кейін барып қана аяқталды. Оның толыққанды мұрагері Күйік болуы керек еді. Ал оның Батумен қарым-қатынасы тым күрделі болатын. Ақыры осыны ой таразысына сала келе Бату қыпшақтарды талқандамай, Күйікпен қақтығысып қалған жағдайда керек болар деген оймен өз әскеріне қосып алады. Қыпшақтардың көбі осылайша туған мекеніне орала бастады. Қыпшақтардың ауыр тағдыры туралы жазған Плано Карпини «қашқандардың көбі соларға (моңғолдарға) қайтып барып жатыр» деген дерек қалдырған.
Бату Шығыс Еуропадағы орасан зор аумаққа өз билігін орнатып, халықтардың көбінен алым-салық алып отырды. Күйікпен әскери сипатта қақтығысып қалуға асықпаған Бату өз ұлысының орталығын Еділ өзенінің орнатқан жөн деп шешті. Дәл сол жерде Сарай атауымен тарихта қалған жаңа қаланың іргесі қаланды. Бату Жошы ұлысының әкімшілік-аумақтық құрылымының реформасын жүргізді. Зерттеушілердің көбінің дерегінше, Бату Батысқа жасалған жорықтан кейін Жошы ұлысындағы жорық барысында жаулап алынған аумақтық иелікке байланысты әкімшілік-аумақтық құрылымға көптеген өзгеріс енгізген.
Күйіктің ерте өлімі Шыңғыс хан империясындағы басталуы мүмкін азаматтық соғысқа нүкте қойды. Күйік көз жұмған соң Батудың абыройы асқақтап, ол өзінің жиені Меңгуді таққа отырғызды.
Жоғарғы моңғол хандарына сөз жүзіндегі бағыныштылығына қарамастан Бату (хан атағын иеленбеген) абыройының арқасында өз ұлысының толыққанды билеушісі әрі көрші ұлыстарға зор ықпал еткен тұлға болған. Бату мен оның ұлы өлгеннен кейін Жошы ұлысы Моңғол империясының орталығына тәуелді болып қалды. Бату ханның өлгеннен кейінгі атағы – Сайн хан еді.