Берке Жошының ұлдарының бірі. Оның анасы – Хан-сұлтан еді. Беркенің анасы Хорезмшах әулетінен болған. Ал анасының әкесі Мұхаммед Хорезмшах. Сонымен бірге оның әжесі (әкесінің анасы) қыпшақ хандарынан тараған ұрпақ болатын. Шыңғыс ханның әскері Хорезмді жаулап алғаннан кейін Хан-сұлтан тұтқынға түсіп, Жошыға әйелдікке берілген. Артынша Жошы қыпшақтарға қарсы жорыққа аттанған кезде Хорезмді алу шайқасынан кейін Берке дүниеге келді. Оның анасы мұсылман қауымынан болған соң Үгедей Хан-Сұлтанның балаларын Ислам дініне бет бұрғызып, Құранды жаттатуға бұйрық берген. Батысқа жасалған жорық барысында Берке жас болғаннан кейін аса көзге де түсе қоймады.
Тек 1250 жылға қарай Берке саяси салмаққа ие бола бастады. 1250 жылдардың бас шегінде Берке Батудың Моңғолиядағы өкілі болды әрі ол таққа Меңгуді отырғызды. Меңгуге Беркенің өзін қалай ұстайтыны ұнамаған. Осыдан барып ол Беркені Жошы ұлысында өз ресурстарынан, билігінен айыруға күш салған. Осылайша Ұлағшы өмірден өткен 1259 жылға дейін Берке шеттеліп жүргендей болды.
1259 жылдың жазынан бастап Моңғол империясының орталықтандырылған үкіметі болмағандықтан (Меңгу хан өлгеннен кейін) және Жошы ұлысында да алауыздық басталған уақытта (Ұлағшы көз жұмды да, Боракчиннің лауазымының мерзімі өтіп кетті) анархия басталды.
Осы уақытта Берке өзінің Сығанақ ұлысынан Жошы ұлысына оралады. Ол сол тұста Жошы ханның тірі қалған аз ұлдарының бірі еді (одан бөлек Беркешар мен Шымпай, тағы бір-екі ұлы аман болған). Беркенің үлкен ұл деген аты (ака) бар. Одан бөлек саяси істерде де тәжірибесі мол (көптеген құрылтай мен саяси оқиғаларға қатысқан).
Моңғол империясындағы қосбилік жағдайында (Арық-бұғы мен Құбылай) Жошы ұлысында үлкен Құрылтай өтеді. Онда Боракчин хандыққа үміткер ретінде өзінің өгей ұлы Тұда-Меңгуді отырғызуға тырысады. Мұндай үміткер Боракчин-қатынның регенттігінен шаршаған сол тұстағы ақсүйектердің (Жошы ұлысы мен әмірлерді) көңілінен шыға қойған жоқ. Бәлкім Берке Жошы ұлысын мынадай шартпен басқаруға келген: Меңгу темір – Батудың немересі оның мұрагері болуы керек. Беркенің мұсылман екенін білгендіктен Мысыр билеушілері онымен дипломатиялық қарым-қатынасты жолға қоюға тырысады. Моңғол империясының бірлігіне сенген Берке 1263 жылға дейін олардың бұл ұсынысына жауап қатпаған.
Берке Арық-бұғыны мойындап, Хулагу мен Алғу, Арық-бұғы арасындағы келіссөздерге қатысады, оларды татуластыруға тырысады. Жошы ұлысының Құтұғұ әскері, Орда-еженнің ұлы Арық-бұғыға көмек қолын созады. Берке Хулагудан анархия кезінде алып қалған, Иранға жасалған жорықтан түскен Жошы ұлысына тиесілі үлестің бір бөлігін талап етеді.
Құбылайдың уәдесіне сенген Хулагу мен Алғу Берке мен Арық-бұғыға қарсы одаққа бірігеді. 1262 жылдың ортасында Хулагу өз тұсындағы Жошы әулетінің адамдарын өлтіріп, олардың әскери қосындарын күйрете бастайды. Ал Русь жерінде Беркеге қарсы көтеріліс бұрқ ете түседі. Бұдан кейін Хулагу Жошы ұлысына әскер кіргізеді. Мұндай жағдайда Берке бүкіл жұртты соғысқа жұмылдыруға мәжбүр болған. Бәрін әскерге шақырады. Тіпті шайқасқа жасы үлкен балалар да шақырылған. Қос әскер Терек өзенінің бойында кездесті. Терек түбіндегі шайқаста Хулагу ойсырай жеңіліп, майдан даласынан қашып кетті.
Өзінің «геосаяи жалғыздығын» сезінген Берке 1263 жылы Мысырмен дипломатиялық қарым-қатынасты жолға қоя бастады. 1264 жылы Арық-бұғы жеңіліске ұшырағаннан кейін Берке Бағдат халифінің атынан тиындарды соға бастаған. Осылайша Құбылайдан өзінің дербес екенін әйгілеген.
Осылайша Жошы ұлысы 1263-1264 жылдары Беркенің күш салуымен Моңғол империясынан біржолата бөлініп шықты. Берке Моңғол империясының 1269 жылғы Талас құрылтайында ыдырауының негізін қалап берді.
1265 жылы Берке Иран илхандарымен жаңа соғысқа дайындалды. Бірнеше қақтығыстан кейін Берке әскерін Тбилисиге бұрған еді. Алайда жолда қаза болды. Оның денесі Жошы ұлысының астанасына жеткізілді.